Қазақша

Ақсәуле әлжан

Сәлем! Мен өзімді мультимедиа саласының маманы деп таныстырам, журналиспін. Қазақ тіліндегі журналистік жұмыстарымды TV айдарынан таба аласыз. Қысқаша өмірбаяным:

Әлжан Ақсәуле Қанатқызы  2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің бакалавриатын,  2008 жылы сол оқу орнының магистратурасын “Археология және этнология” мамандығы бойынша тәмамдады. 2020 жылдың мамыр айында Берклидегі Калифорния Университетінің (АҚШ) Жоғарғы Журналистика Мектебін аяқтап, журналистика магистрі атанды. Мемлекеттік білім беру гранттарының, “Болашақ” стипендиясының, “Жылы жүздесу” телевизиялық бағдарламасы үшін ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантының (2006) иегері, ҚР Үкіметі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі(2002). 

2003 жылдан бастап әуелі қалалық, сосын Жетінші арна, Хабар секілді республикалық телеарналарда жұмыс атқара бастады. Түрлі телебағдарламаларға продюсерлік етіп, автор және редактор ретінде жетекшілік етті. Қазақ тілінде ақпараттық -сараптамалық хабарлар, әлеуметтік ток-шоулар, ойын-сауық бағдарламаларын жүргізді. Қазіргі таңда “Tengrinews.kz”, “Informburo”, ”Vlast.kz”, “Today.kz” сынды елдегі жетекші ақпараттық порталдармен жұмыс жасап келеді. 

2018 жылы АҚШтағы ең беделді журналистика оқу орындарының бірі, Берклидегі Калифорния университетіне түскен уақыттан бастап жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына мақалаларын жариялай бастады. Сан Францискодағы “Mission Local” және Ричмонд қаласындағы “Richmond Confidential” ақпараттық порталдарында мақалалары жарияланды.  

2019 жылдың қыркүйегінен бастап, Берклидегі Калифорния университеті жанындағы Investigative Reporting Program атты журналистік зерттеу орталығында зерттеуші ассистент болып жұмыс істеді. АҚШтағы мемлекеттік органдардың, соның ішінде Калифорниядағы әлеуметтік департаменттер жұмысындағы ауытқуларды зерттеп, оларға ресми журналистік сауалдар жіберіп, алынған жауаптар мен мыңдаған парақ құжаттарды саралап, мәліметтермен жұмыс жасады. 

2020 жылдың сәуірінен бастап Берклидегі Жоғарғы Журналистика Мектебінің Нью Йорк Таймс газетімен бірігіп жасаған жобасының аясында әріптестері Гаррет Зеролф және Дэниелом Лемпреспен бірге газеттің бірінші бетінде үлкен мақала жариялады. Мақала пандемия кезінде ата-ана қарауынсыз қалған балалардың проблемасын көтерді.  

Мультимедиа, дата журналистикасын, дата визуализациясын, инфографика жасауды терең зерттеді. Adobe Creative Cloud, HTML, CSS, mapbox, Tableau, QGIS, және басқа жаңа технология құралдарымен жұмыс жасай біледі. 

Кәсіби қызығушылығы Дата журналистикасы мен Зерттеу, не Айғақтық журналистика тоғысында жатыр.